Сұхбат
Жаз жайсыз болды… Қыстың қамы қалай?
Күз келіп, жаз аптабы басылғалы бірнеше күн өтті. Анда-санда шекеңнен шуақ өткенімен көбіне ызғарлы леп байқалады. Сүмбіле кіргелі судың суығанын айтпасақ та белгілі. Малдың семіретін уақыты да осы. Тек қарап, күтіп-бақсаң болғаны. Қажетті қорегін жер анадан тауып жейді. Нағыз баптайтын кез алда. Тіпті алыс емес. Қысқа қомпиып семіз түскен малдың өзі қыста айрықша күтімді қажет. Қыс қылышын сермейтін кез таяу. Сіз дайынсыз ба? Ауыл шаруашылығымен айналысатын аудан үшін мал азығын ерте жаздан қамдау аса маңызды. Сондықтан осы орайда біз де науқанның қызған шағында аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сүйіндік Өскенбаевпен арнайы сұхбаттасқан едік. Ендеше назарларыңызға шағын сұхбатымызды ұсынамыз.
— Жалпы аудан бойынша мал шаруашылығымен айналысатын аула саны қанша? Аудан тұрғындарының басым көпшілігі төрт түліктен табыс тауып отыр. Мал санына да тоқталып өтсеңіз.
— Армысыз! Біздің аудан бойынша мал өсіріп, шаруасын дөңгелетіп отырған 2351 аула бар. Олардың қатарында шаруа қожалық ашып жатқандардың да қатары көбейіп келеді. Мал санына тоқталсақ, 37,356 ірі қара, 171,167 ұсақ жандық, 10 мың бас жылқы, 79 бас түйе бар. Мал саны да жыл санап артып қана қоймай, асылдандыру жұмыстарына баса назар аударылуда.
— Ауыл шаруашылығымен айналысатын аудан үшін ағымдағы жылдың басты мәселесі қысқы мал азығы екені баршаға мәлім. Сондықтан да сіз сұхбаттасу барысындағы негізгі сауалымызға жауап берсеңіз. Мал азығын дайындауда жасалған жұмыстың нақты көрсеткіші қандай? Қысқы мал азығын әзірлеу жұмыстары қаншалықты орындалды?
— Сауалыңыз орынды. Расында биылғы жылы көктің сыйын көп күттік. Алты ай жаз қуаңшылықпен өтті. Шөптің түсімі де көңіл көншіте қоймады. Әйтсе де көп болып көктен тамшы нәрін тіледік. Тәңірден тілегіміз қабыл болып, тамыз айында жауған жаңбыр жер анаға біраз құт құйды. Қысқы мал азығын дайындауда нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Биылғы жылы бір жарым жылдық мал азығын дайындауға 189 мың тонна тапсырма берілсе, оның 184 мың тоннасы дайындалып, 97,5 пайызы орындалып отыр.
— Қысқы мал азығын әзірлеуге ауыл шаруашылығы техникалары жеткілікті ме? Қазіргі науқан уақытында дайындалған мал азығы қанша ауланы қамтыды?
— Биылға қысқы мал азығын даярлау науқанына 226 трактор жұмылдырылды. Оның қатары 6 жаңа трактормен толықты. Қазіргі таңда мал бағып отырған аулаларды мал азығымен қамту жұмыстары 80 пайызға жетті. Бұл жұмыстар әлі де жалғаса береді.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан:
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.