Әкімдік
Ұялы байланыс келіп, таза су беріледі
Аудандарда ауыл әкімдерінің есебі басталды. Індетке байланысты есеп беру жиындары санитарлық талаптарға сай өткізіліп жатыр.
Көптоғай селолық округіне қарасты Шұбарши елді мекені тұрғындарының алдында өткен жылы атқарылған жұмыстары мен биылғы жылдың еншісіндегі жоспарлары туралы есеп берген округ әкімі Ерлан Асылбаев ауыл тазалығына көңіл бөлу керектігін айтты.
Округ орталығынан 12 шақырым жерде орналасқан Шұбарши ауылы Атырау облысының Қызылқоға ауданымен шектеседі. Ауылда 50-60 түтін бар. Бірыңғай мал шаруашылығымен айналысатын елді мекеннің одан басқа табысы да жоқ. Сондықтан әркім қолындағы малын көбейтіп, жыл сайын тұяқтылардың саны өсуде. Шаруа қожалықтары да тығыз орналасқан өңірде өріс дауы да жоқ емес. Әрине, мал ұстағасын оны бағу үлкен шаруа. Бағып қана қоймай, сырғалау, таңба бастыру, базаға енгізу, ауруға қарсы ектіру жұмыстары да бүгінгі күннің басты талабы. Алайда тұрғындар бұған немқұрайлылық танытып отырған сыңайлы. Малын түстеп қана танитын ауыл тұрғындары тазалыққа келгенде құлықсыз боп келген еді. Арнайы бақташы болмағандықтан, сиырлар ауылдың ішіне кез келген уақытта кіріп-шыға беретін. Оның бәрін реттеу — ең бірінші тұрғындардың өзіне тәуелді. Бірақ өткен жылы ауыл маңы тұрмыстық күл-қоқыстан тазарып, көшелеріне жарық шамдары орнатылды. Ауыл әкімінің ұйымдастыруымен біраз шаруалар шешімін тауып, шағын ауылдың ажары кіріп қалды.
Төрт түліктің арқасында тұрмысын түзеп отырған ауылда мемлекет тарапынан әлеуметтік нысандары да жаңарды. Екі қабатты жаңа мектеп пен фельдшерлік пункт бар. Ұялы байланыс желісі жақында қондырылады.
— Beeline ұялы байланыс желісін қондыру үшін мұнарасын дайындап қойдық. Оның құрал-жабдықтары шетелден келетін болғандықтан күтуге тура келеді. Мамандар наурыз айында байланыс желісін орнатып боламыз деп уәде беріп отыр, — дейді округ әкімі Е.Асылбаев.
Аудан орталығы мен көрші Атырау облысына қатынайтын төте жол Шұбаршидің үстімен өтеді. Сол екі араға былтырдан бастап канадалық әдіспен көтерме жол жасалуда. Демек ауыл тұрғындарының округ, аудан орталығына қатынасы жеңілдейді. Шұбаршиліктер көгілдір отыннан әзір үміт күтпесе де, таза ауызсудың келгенін қалап отыр. Бірақ халық саны аз болғандықтан, әрі қомақты қаражатты талап ететіндіктен бұл мәселені басқаша шешу жолдары қарастырылып жатыр. Ол үшін бір жерден ұңғыма құдық қазылып, одан шыққан су арнайы сүзгіден өтіп бір нүктеден тұрғындарға беріледі. Бұған дайындық жұмыстары басталып кетті. Бұл шаруа осы жылдың ішінде іске аспақ. Сонымен қатар газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындау жұмыстары жүргізіледі.
Былтыр Шұбаршиде екі адам 555 мың теңгенің қайтарымсыз грантын алып кәсіп ашты.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Шұбарши-Ойыл.