Басты тақырып

БЕРЕКЕ ДАРЫҒАН ӨҢІР

Уақыт алға жылжыған сайын ауылдық округтердің әлеуметтік тұрмыстық жағдайлары жақсарып, көштен қалмай дамып келеді. Соның ішінде ауылдың келбетін жақсарту, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына ерекше ден қойылған. Экономикасы мен әлеуметтік даму қарқыны еселеп артып, заман талабына сай ажарланып өсіп келе жатқан Қаратал ауылы ауданнан шалғай орналасқан іргелі елді мекен. 1700-ден аса тұрғыны бар әкімшілік құрылым Ойыл ауданының әлеуеті жағынан басымдығы бар ауылдық округ десек, артық айтқандық емес. Ең бастысы ауылда ауыз су мәселесі толық шешіліп, жол-құрылыс жұмыстары қарқын алды. Табиғи газы пайдалануға берілді. Шығанақ Берсиев округі құрамында үш елді мекен бар. Қаратал, Қарасу және Құмжарған ауылдары. Орталығы – Қаратал ауылы.   Ағымдағы жылда атқарылған жұмыстардан хабардар еткен ауыл әкімі Әділбек Ізбасов алдымен жергілікті жұртшылықтың басты тіршілік көзі – мал және егін шаруашылығы саласына тоқталды.

Өзіңіз білетіндей, біздің елді мекен  ауыл шаруашылығына бейімделген. Округтегі ауыл шаруашылық саласындағы «Тәуекел» шаруа қожалығы 50 га жерге көпжылдық шөп екті. «Болашақ» шаруа қожалығы  5 га жерге бау-бақша дақылдарын егіп, мол өнім алып отыр.  Ауылдық округ бойынша «Болашақ» шаруа қожалық басшысы бау-бақша егіп, қарбыз, қауын, қияр көкөністерін ауыл, аудан тұрғындарына ұсынып, аудандық, ауылдық жәрмеңкелеріне қатысты. «Ақжол-М» шаруа қожалығы  200 га алқапқа тары дақылын екті.

Округте мүйізді ірі қара -5393, ұсақ мүйізді мал- 12372, жылқы- 2814 бас, түйе-34 бас тіркелген. Тұрғындардың қолда бар малының сақтығы үшін барлық ветеринариялық іс-шаралар толығымен жүргізілді.

Ауылда мемлекеттік бағдарламалардың жемісі қандай?

-Ауылда мемлекеттік бағдарламалар бойынша кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда ауылымызда наубайхана, монша, тойхана, шаштараз, тігін цехы, сауда дүкендері және такси қызметі ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп, жұмыс жасауда. 46 жеке кәсіпкер бар. 2021 Ойыл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына 7 жеке кәсіпкер тіркелді, оның ішінде 1 кәсіпкер 583 мың теңге грант алды.

Бағдарламалар бойынша «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша Назгүл Ешпанова кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 2 млн 200 мың тг несие алды. «Еңбек» бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкер Болат Сағатов 2,5 млн алып, 10 бас ірі қара мал, Марат Ермағамбетов 3 млн 1 мың тг, 10 бас ірі қара алды. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген сөзді ұстанып Ерік Елеуов 1 млн тг несие алып, 20 бас қой алды. Бастысы ауыл тұрғындары бірлігі мен қарымды тірлігі арқасында көсегесін көгертіп отыр.

Ауыл әкімі Әділбек Ізбасов ең өзекті деген жол мәселесіне тоқталып өтті.

-Ауылда «Ауыл ел бесігі» жобасы шеңберінде жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы құны 87,7 миллион теңгеге  Сүлеймен әулие және Ш.Берсиев көшелеріне асфальт төселді. Биыл ауыл ішіндегі 3 көшеге, Ө.Бақаев, И.Қарағұлов, Тәуелсіздік көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі.

 Алдыңғы жылы округ орталығы Қаратал селосына көгілдір отын құбыры қосылды. Елді мекендегі тұрғын үйлердің 80 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, ауыл тұрғындарының 100 пайызы үйлеріне ауыз су құбыры тартылған.  Ауылдық округ бойынша Қаратал, Құмжарған ауылдары да 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Көшелерді жарықтандыру бойынша 20 жарық шамы орнатылған. Жарықтандыру жұмыстарын алдағы уақытта әлі де жандандыруды көздеп отыр.

Әрбір азамат өзінің туған жеріне көмек көрсетіп, өңірін көркейтуге ат салысуы керектігі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған болатын. Туған жерді қадірлеу, құрметтеу бастамасымен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауылда демеушілікпен атқарылған игі шаралар сәтті жүзеге асуда. Оның қатарында Ш.Берсиев атындағы орта мектебіне 1984 жылғы түлектер 12 үздік оқушыға барлығы 360 000тг бір жолғы стипендия берілген. 1964 жылғы туылған азаматтар мен азаматшалар 80 000тг көлемінде теннис ойын үстелін сыйға тарт қан.

Әлеуметтің әлеуеті артып келеді

Қаратал ауылында сән беріп тұрған сәулетті ғимараттар жетерлік. 1967 жылы құрылған «Балбөбек» бөбекжай- бақшасында қазіргі таңда 60 бала тәрбиеленуде. Балабақшада 9 педагог тәрбиеші, 16 кіші қызметкер қызмет жасауда. Оның 3-і жоғары білімді, 6- арнаулы орта. Ауылда білімнің қара шаңырағы Ш.Берсиев атындағы орта мектебінде замана көшінен қалмайтын алымды да, қарымды оқушы тәрбиелеу  үшін 50 педагог аянбай еңбек етуде, оның ішінде жоғары білімді  — 37 мұғалім, 10 мұғалім арнаулы орта білімді. 42 кіші қызметкер,2 интернат тәрбиешісі, 2медбике жұмыс жасайды.  Мектепте 301оқушы білім алып жатыр.  Мектептегі  білім сапасы-56%,   2022-2023 оқу жылына мемлекеттік қызмет бойынша 1 сыныпқа 24 оқушы қабылданып тұр. Ал, Берсиев ауылдық клубы былтыр 400325 теңге көлемінде жөндеуден өткен.

Жалпы саны 1782 адамды құрайтын ауылда былтыр 27 бала дүние есігін ашқан.

 АТАҚТЫ ТҰЛҒАЛАРДЫ ҮКІЛЕГЕН ҚАСИЕТТІ ӨЛКЕ

Қаратал ауылы талай талантты тұғырына қондырып, шынар биікке шығарды. Бірлігі жарасқан халқының қамы үшін аянбай еңбек еткен тарихи тұлғаларды аялы алақанынан ұшырған Қаратал ауылы қасиетті өлке болып саналмақ.

Бұл өлкеден шыққан талай мықтыны тарихқа көз жүгіртпей-ақ білеміз. Атақты диқан, әлем рекордшысы Шығанақ Берсиев, сазгерлігімен танымал, Ойылдың гимніне айналған әйгілі «Ойылым менің-ойдағы елім» әнінің авторы  Жолдыбай Айтқұловтай даңқтылар дүниеге келген мекен.

Іргесінде бүкіл батыс өңіріне мәшһүр Сүлеймендей әулие сынықшының мәңгілік дамыл тапқан мекені мен түнек үйі бар.   Бабалар бейітіндегі жайқалып өскен саялы бәйтерек, сынықшы әулиенің өзі жатқан кесенеден қақ жарып шыққан жиде талы аруақ сыйлап,  рухына сыйынып, дертіне дауа іздеп келген жандарға қазірде де  ой салып  шипа болуға септі сенім беруде.

 

Қорыта айтқанда, ауылдың ажарлануы — адал еңбектің, адал ниеттің жемісі. Бұрынғы кезде ауыл тұрғындары бауыр басқан туған жерін тастап үдере көшсе, бүгінде бар қиындық біржола артта қалғандай сезілді. Сөз соңында, Ойыл ауданының әлеуетті ауылы саналатын Қаратал ауылдық округінде ауыз толтырып айтар тірлік бар. Бастысы еліміздің өркендеуіне ынтымағы жарасқан қараталдықтардың титімдей де болса пайдасын тигізуде.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл-Қаратал-Ойыл.

Басқа жаңалықтар