ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ШЫҒАНАҚТЫҢ АУЛЫ СЫРТ ҚАЛҒАН ФЕСТИВАЛЬ

ҰРПАҚҚА ТАҒЫЛЫМ БОЛА МА?

Ойыл ауылында “Тары фест” республикалық фестивалі “ЮНЕСКО” көлемінде тойланыпты. Ауқымды іс-шарадан бұрын Шығанақ аулының көрген игілігін айтсам, жиырма шақырым жолды биіктетіп, көтеріп, шақпақ тас төгіп, асфальт төселді. Біздің Қаратал аулының тұрғындары облыс басшылығының бұл игі ісін ешқашан ұмытпайды, жас өрендерге үлгі етуден ешқашан жалықпайды, есімі ел есінде сақталатын болады.

Фестивалды теледидардан көріп, таң-тамаша болдық. Тары десек, ақ тарының атасы — Шығанақ есімі ойға келеді. Фестивальге Шығанақ ауылдық округі ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес, еңбек ардагерлерінен бірде-бір адамның шақырылмауы нені білдіреді? Біліксіздік пе, әлде білімсіздік пе, немесе салғырттық, немқұрайлылық, өркөкіректік пе? Идош ағам айтқан: “Шығанақ — еңбек адамының паспорты” емес пе еді? Тек бақай есеп үшін өткізе салатын уақыт өтіп кетті. Қандай да болмасын шараның тәрбиелік, һәм құндылық мәніне көңіл бөлетін уақыт жетті. Ескіше ойлайтын, заман талабына ілесе алмайтындар орындарын босатқаны жөн. Бізді құртқан, алда да өркендеуімізге бөгет болатын осы “ләппай”. Біздер жанымыз ашығасын шырылдаймыз.
“Шығанақ” романын жазған М.Ғ.Мұстафин. Жалпы, Шығанақ, Ғ.Мұстафин жайлы сөз болды ма? Ең болмаса, “Шығанақ” романы қойылды ма екен? Ей, қайдам. Қарасу, Қаратал кітапханаларынан бірде-бір “Шығанақ” романының жоқтығын, жалпы аудан кітапханаларында екі-ақ дана барын естігенде, жанымды қоярға жер таппадым.
Шығанақтың тойларын өткізген сайын романды бастыру жөніндегі ұсынысымды қайта-қайта айтсам да, құлағына ілетіндер жоқ! Фестивальге бөлінген ақшадан мың дана “Шығанақ” романын қайта бастыруға болмайды ма?! Әлеуметтік желіде «Тары фестивалінде бәрі тарыдай шашылып жүрді, шынайылық болмады» деп шулап жатыр. Ғабиден Мұстафинді көру, онымен тілдесу, шығармашылығынан дипломдық жұмыс жазу, ғылыми конференцияларда бірнеше баяндама жасау — менің бақытыма бұйырыпты. Ірілі-ұсақты Ғабиден шығармашылығы мен Шығанақ жайлы 30 шақты материал жазыппын. Ғ.Мұстафиннің “Шығанақ” романы бойынша жазған қойылымды, бірнеше рет сахналағаным да бар. Бірнеше әкімге кіріп: “Шығанақ рекордының сыры неде?” деген тақырыпта тегін, ақысыз баяндама жасайын”, — деген өтінішімнің де орындалмағанына таң қаламын. Әкімдерге ақылы баяндамалар тиімді ме?
Мен де атымды шығарайын деген ой жоқ. Ғабиден мен атам Шаңғала рухтары алдындағы борышымды өтеу ғана. Ғабиден “Шығанақ” романын жазуға келгенде, Шығанақ өмірден өтіп кеткен болатын. Менің атам Шаңғаладан, ұжымшар басқармасынан көп мәліметтер алған болатын. Шалажансар, арзан, бір қайнауы ішінде, еш мәні, берері жоқ фестивальдерден халық жалықты, халықты алдауды қою керек!
Қарасуға, Шығанақ кесенесіне, Шығанақ жерленген жерге баруды да ұмытып кетуге бола ма? Менікі жанашырлық пікір. “ЮНЕСКО” көлемінде өткен шара, елдің кәдесіне асса игі. Осындай шаралар ел есінде қалатын игі істерге мұрындық болғаны жөн. Ғ.Мұстафиннің “Шығанақ” романының мың данасы қолымызға да тиіп қалар деген үмітіміз бар.
Саламат Қомытұлы ШАҢҒАЛА,
Еңбек ардагері, Қаратал аулы.

Басқа жаңалықтар