Мәдениет

Бесаспап Бекен

Біз оны қысқаша Бек десек, үй-іші Бекен, ал кейбір достары Виктор деп те атаған. “Сүйген құлдың аты көп” демекші, қалай шақырсаң да “Әу ”-деп қарап тұрады. Шын аты-жөні Бекмұхамбет. Жастайынан эстет, әдемі нәрсеге әсерлене қарайтын, өзі де сүйкімді боп көпшілік арасынан даралана көрінетін. “Дараланып” дегенге сорайған бойы бар екен деп қалмаңыздар, керісінше бойының қысқалығымен, ойының ұшқырлығымен дара көрінетін. Өзі де қыз мінезді, өте ұяң.

Ал енді оның өнері ғажап-тұғын. Ойнамайтын аспабы жоқ. Домбыра, сырнай, бас гитара, соло гитара, ритм гитара, ионика, барабан, қысқасы мәдениет үйіндегі бар аспаптың бәрінде ойнайтын. Кіп-кішкентай болып қай уақытта үйреніп алған деп таңғалатынбыз. Біз болсақ, аздап қана домбыра тартып, бильярд ойнайтынбыз. Мен онымен салғаннан достасып кеттім. Маған нота үйретпекші болды, мен онысын түсінбедім бе, әлде аса бір талпынысым болмады ма, ештеңе шықпады. Ол өзі мәдени-ағарту училищесін бітіріп келген беті, аса білімдар болатын.
1980 жылы екеуіміз әскерге қатар алындық. Украина жерінде қазіргі Луганск облысында (Ворошиловград) екі жыл қатар қызмет еттік. Арамыз бес-ақ шақырым болғанымен, тәртіптің қаталдығы сондай екі жылдан соң ауылға келіп бір-ақ көрістік. Иә, қайтадан мәдениет үйіне қызметке тұрдық. Келесі жылы жолым түсіп мен Алматыға оқуға кеттім. Ол болса туған жер топырығынан ажырамай ауылда қалды. Бекең ауылда қалып ештеңеден ұтылған жоқ. Гүлайымдай сұлуды қолына қондырып, алаңсыз аудан өңірінің мәдениетін көркейтуге бел шеше кірісті. Мықты сүйемелдеуші, шебер ансамбль ұйымдастырушы, білікті ұстаз. Орнықты мінезіне сай тыңғылықты іс атқаратын, бейнеттен қашпайтын еңбекқор азамат болып қалыптасты.
Осының бәріне қоса сазгерлік таланты ашылды. Музыкаға деген құштарлық өзінің дегенін істеп тынды. Жаны сұлу жанның әсем саз туғызбауы мүмкін емес еді.  Анасына арнап «Заңғар», туған жеріне арнап «Өлке сазы», «Толғау» күйлері, «Көңіл сыры», «Әсем өлкем», «Жүсібәлиевшілер жыры» әндері осының айғағы.
Ұстаз ретінде шәкірттер тәрбиелеп, олар республикалық конкурстардың лауреаттары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан арнайы жоғары білім алған, қазіргі кезде ел мақтанышына айналған Шамшаддин Омаров, Набрешов Нұрғанат, Бейсембаева Ләззәт сынды туған жеріміздің талантты перзенттері.  Өзінің ұлы Қайсар болса, әке жолын қуып музыка мамандығын таңдады. Ахмет Жұбанов атындағы саз колледжін аяқтап, қазір Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның IV-курс студенті.
Иә, сырғып айлар, жылжып жылдар өтті. Кешегі бозбала досым бүгінгі күні 60-тың асқарына аяқ басқан, самайын қырау шалған, кейінгіге айтары бар ұлағатты жанға  айналды. Жан жары Гүлайым екеуі немере сүйіп отырған ата мен әже. Бекен досымның осынау мерейлі жасында  дені сау болып, отбасының аман болуын тілеймін. Ғұмыры ұзақ боп, ұл-қыздарының қуанышына бөленіп, әсем ән-күйлерімен туған елімізді әлдилей берсін!

Мақсат Тілепберген,
  досы, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық
Халық аспаптары оркестрінің домбырашысы,
ҚР Мәдениет қайраткері.

Басқа жаңалықтар