ӘкімдікБасты тақырып

Бердібек САПАРБАЕВ: Тоқсандық көрсеткіштер қаңтардың нәтижелерінен жоғары болуы керек

Ойыл ауданының орталығында облыс әкімдігінің көшпелі отырысы өтіп, аймақтың қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланды. Жиын өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өтті.

Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты.

Асылтұқымды мал басы көбейтілмек

Ойыл ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алдымен Саралжын ауылдық округі аумағындағы «Айтан» шаруа қожалығы мен «Тәжібай Агро» ЖШС-ның мал баздарында болды. Еліміздің ет экспорты әлеуетін арттыру мақсатында кешенді шаралар қолға алынғанын, біздің облысымызда да осы бағытта көптеген істер жасалып жатқанын жұртшылық біледі. Әсіресе, асылтұқымды мал басын көбейтуге ниеттенген кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп келеді. Аталған шаруашылықтарға келсек, «Айтан» шаруа қожалығы өткен жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы несие алып, 120 бас қазақтың ақ бас сиырын сатып алған. Сиырлар қазір Сорқуыс қыстағында. Осында мал баздары, бақташыларға арналған үйлер салыныпты. Үйлер электр қуатымен жылытылады. Бақташылардың айтуынша, мал қыстату науқаны әзірге жайлы өтіп жатыр.

Ал «Тәжібай Агро» ЖШС басшысы Абыл Сатаев — басқа салада табысты ісі бар кәсіпкер. Дегенмен, өткен жылы туған жерінде мал шаруашылығын дамытуға да өз үлесін қосуды жөн көріп, асылтұқымды мал сатып алмақ болады. Соның ішінде, таңдауы абердин-ангус тұқымды ірі қараға түсіпті.

— Абердин-ангус тұқымды сиырды етінің сапасы үшін бағады екен. Бірақ, іздестіре келгенде, Қазақстаннан мұндай сиырлар сатып алуға табылмады. Ресейде сатылады, бірақ қымбат… Сөйтсек, өзіміздің «АкТеп» жауапкершілгі шектеулі серіктестігінен абердин-ангус тұқымды сиырларды жалға алуға болады екен. Бұған қатты қуандық. Расында, бұл — үлкен мүмкіндік. Биыл 100 сиыр алдық. Болашақта тағы да алғымыз келеді, — дейді Абыл Сатаев.

Оның айтуынша, бұл сиырлар тез ет алады, күніне 2-2,5 кг салмақ қосады.

— «АкТеп»-тің жалға беру шарты екі жаққа да тиімді: біз оларға бес жыл бойы сиырлардан алынған төлдің 40 пайызын қайтарып тұруымыз керек, — дейді шаруашылық басшысы.

Шаруашылықтың мал баздары Қоңырат ауылының шетінде орналасқан. Бақташылардың үйлері де осы жерде. Олар өңір басшысына жағдайларының жақсы екенін, айлықтарын уақытында алатынын айтты. Мысалы, Медет пен Райгүл Рахатовтар мұнда отбасымен тұрып жатыр. Тек отбасы иесі ғана емес, Райгүл де аспаз боп еңбек етіп, жалақысын алып жүр. Жалпы, бес адам жұмыспен қамтылған.

Берсиев мектебі…

Ойыл селосындағы дамуында түрлі кемшіліктері бар балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзетім орталығында облыс басшысын алдымен ата-аналар тобы күтіп алды. Бұл орталық 2013 жылы ашылған, қазіргі күні мұнда келіп жүрген балалар саны 48-ге жетіп отыр.

— Немерем Мадиярды екі жылдан бері осында әкеліп жүрміз. Мұндағы сабақтардың көмегі тиіп, айналасымен жақсы түсінісетін болды, ой-өрісі кеңіді. Орталық мамандарына айтар алғысым шексіз, —  деп ағынан жарылды Ақзия Жүсіпова.

Орталықта 9 маман жұмыс жасайды. Олар, негізінен, жастар. Бердібек Сапарбаев орталық ғимаратын аралап көріп, мұндағы қызметкерлерге: «Жауапты да сауапты істеріңіз сәтті болғай!» — деп, ізгі тілегін жеткізді.

Одан соң облыс басшысы аудан орталығындағы аграрлық колледжге ат басын тіреді. Мұнда ол алдымен өзінің орынбасарлары, аудандар әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары және ардагерлермен бірге, соңғы жылдары тары өсіруге бет бұрған «Жақып» шаруа қожалығы күшімен әзірлеген шағын көрмеде болды. Шаруа қожалығының басшысы Жұмабай Жақып болашақта тары егісін, оның ішінде суармалы егістің көлемін көбейту, т.б. жоспарларымен бөлісті.

Ойыл аграрлық колледжі жанынан Шығанақ Берсиев мектебін ашу жөніндегі облыс әкімі тапсырмасын орындау мақсатында да көптеген жұмыстар жасалған. Осы жұмыстар жөнінде ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Ғазиз Займолдин егжей-тегжейлі баяндады.

Ал облыс басшысы бұл орайда өз ойын:

— Біз әйгілі Жазылбек Қуанышбаевтың туған өңірінде — мал шаруашылығы, ал Ыбырай Жақаевтың туған жерінде күріш егу ісі өркендеп отырғанына куәміз. Шығанақ Берсиевтің де даңқы олардан еш кем емес. Шығанақтың ісі де жалғасын табуы керек. Біз осыны қолға алмасақ, оның дәстүрін үзбеуді ойламасақ, Шығанақтың жерлестері, Шығанақтың ұрпақтары деген атымызға сын болмақ, — деп түйіндеді.

Салық жоспары 165 пайызға орындалды

Қаңтар айының қорытындыларын талқылауға арналған жиын аудан әкімдігі ғимаратында өтті. Бұл жөнінде экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов баяндама жасады. Ең алдымен бюджеттің кіріс бөлігіне тоқталған ол қаңтарда салық түсімі жоспардағыдан 65 пайызға артық болғанын атап өтті. Жыл басынан 1 ақпанға дейінгі аралықта бюджетке 6 миллиард теңге қаржы түскен.

Облыс экономикасының 36 пайызын қамтамасыз етіп отырған, яғни негізгі сала болып табылатын өнеркәсіп саласында қаңтарда 127 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. Жоспар 101,9 пайызға орындалып отыр. Өсім мұнай (1 пайыз), газ (7,6 пайыз), темір қорытпасын (16,6 пайыз) және натрий бихроматын (12,1 пайыз) өндіру есебінен қамтамасыз етілген. Инвестиция көлемі де өскен, бұл жөнінен аймақ республика бойынша 6-орында тұр. Ал нақты іс жүргізіп жатқан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 0,3 пайызға азайған. Қазіргі күні облыста тіркелген субъектілердің әрбір бесіншісінің жұмысы тоқтап тұр.

Қаңтар айында барлық аудандарда бөлшек сауда жанданған. Облыс бойынша бөлшек сауда көлемі 32,2 миллиард теңгені құрады. Өсім көрсеткіші — 3,1 пайыз.

Облыс әкімі өсім байқалып отырғанына қарамастан, бірқатар салалар бойынша көрсеткіштердің республикалық деңгейден төмен екендігіне жиналғандар назарын аударды. Мысалы, облысымызда өнеркәсіп саласындағы өсім көрсеткіші 101,9 пайыз болса, республикалық көрсеткіш — 105, 2 пайыз. Бердібек Сапарбаев алға қойылған міндеттерді орындап шығу үшін көрсеткіштерді әлі де жақсарту керектігін атап өтіп, өзінің орынбасарлары мен аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.

Ойыл ауданы әкімінің бастамасы

Жиында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев пен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің биотехнология зертханасының меңгерушісі, профессор Ғайса Әбсәтіров қазіргі күні жұртшылықты алаңдатып отырған мал арасындағы бруцеллез қаупіне байланысты баяндамалар жасады.

Ғалым осы мәселеге орай тұрғындар мән бере бермейтін бір жайт, — оның малдан итке немесе, керісінше, иттен малға да жұғатынын айтты:

— Көп жағдайда ауру малдың көзін жойғанмен, одан індет жұқтырған ит тірі қалады. Тұрғындар оның қауіпті екеніне мән бермейді. Тіпті сол итпен ойнаған балалар да ауру жұқтыруы мүмкін. Бруцеллез қазір тек мал басын сақтау ғана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне де айналып отыр, — деді Ғайса Әбсәтіров.

Оның деректері бойынша, Қазақстанда бруцеллездің адамдар арасында таралу көрсеткіші жоғары: жылына 2,5-2,8 мың адам тіркеледі. Ал көршілес Ресейде бұл көрсеткіш 500-600 адамның шамасында, Еуропа елдерінде одан да төмен екен.

Кеңес Қанатбаев мал сою үшін арнайы орындарының пайданылмайтыны да бруцеллездің таралуына себепкер болып отырғанын айтты. Облыста қазір 79 арнайы мал сою орны бар. Олар, ең алдымен, мал арқылы таралатын індеттердің алдын алу мақсатындағы бақылауды күшейту үшін де қажет. Дегенмен, жұртшылық осыған мән берудің маңыздылығын әлі түсінбей келеді. Бұл салада мамандар тапшылығы бар екені де айтылды.

Сондай-ақ, жиында Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындылары жөнінде баяндама жасады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақты, өткен жылы тұрғын үймен қамту жоспары 129,5 пайыз орындалған. Аудан басшысы тұрғындармен 40 рет кездесу өткізіп, 98 нақты мәселені назарға алыпты. Оның 70-і бүгінгі күні шешімін тапқан, тағы 28-і бойынша жұмыстар жасалып жатыр.

Ауданда қой-ешкі саны өсімінің төмендігіне орай Бұлбұл Күзембаева:

— Бұл мәселеге қатысты мынаны анықтадық: тұрғындар малшы боп жұмысқа тұруға келісе бермейді. Өйткені жұмыс беруші малшыны жұмысқа заңды еңбек шарты арқылы алуға құлықсыз, оған нақты еңбекақы мөлшері белгіленбейді, зейнетақы төлемі аударылмайды. Біз енді осы мәселені назарда ұстамақпыз. Бұл үшін аудан әкімдігі жанынан малшылар мен механизаторлар кеңесі құрылып отыр, — деді.

Еңбек адамын қорғауға бағытталған мұндай кеңестің құрылуын облыс басшысы «назар аударуға лайық бастама» ретінде атап көрсетті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиынды қорытындылай отырып сөйлеген сөзін:

— Өткен жылы біз Елбасының облыс экономикасын дамыту мақсатында берген тапсырмаларын орындап шықтық. 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасы барлық көрсеткіштер бойынша 5 пайызға өсті. Биылғы жылы да сол көрсеткішті сақтап қалу міндетін алға қойып, халықтың алдында уәде еттік. Ол өнеркәсіпке жаңа технологияларды енгізу, сауда, құрылыс, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды дамыту есебінен жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы саласында «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынып отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білген «Тәжібай Агро» сынды шаруашылықтардың тәжірибелері кең таралуы керек. Алғашқы тоқсан нәтижелерінің кейін жылдың қорытынды көрсеткіштеріне үлкен әсері болады. Сондықтан барлық сала бойынша тоқсандық нәтижелерді жақсартуға күш салу керек, —  деп түйіндеді.

Индира ӨТЕМІС

Басқа жаңалықтар